Аңырақай шайқасы

Аңырақай шайқасы (1729 ж., кей деректерде 1730 ж.) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі.

Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылы бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды.

Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Шайқас солтүстігі Балқаш, оңтүстігі Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде өткендігін осы өңірлерде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Аңырақай аталатын да осы өңір. Бұл шайқаста (40—45 күн) қазақтар ірі жеңіске жеткен.

Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр хан жүзеге асырды. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Кіші жүзді Тама Есет, Шекті Тайлақ т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Шайқасқа болашақ қолбасшы Шапырашты Наурызбай да қатысқан.

Бұл шайқаста көптеген батырлар жекпе-жекке шықты. Бұл соғыста көптеген атақты батырлар қаза тапты. Соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты.

Қазақтар бұл соғысты әрі қарай дамыта алмады. Оған шайқастың соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді. Көпшілік Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолы Сәмеке хан соңынан солтүстікке бет алды. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті.

Халқымыз үшін Аңырақай шайқасының маңызы орыстардың Бородино даласындағы, Еуропаның біріккен қолының Ватерлоо, КСРО халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Сталинград түбіндегі жеңістерімен бірдей.

0 голосов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *