Алтын адам

Алтын адам — 1970 ж. басында Есік қорғанында — сақтар тайпасының жас көсемінің зираты табылды.
Қорған қазбалары Қазақстанды 5 ғ. ЗБ мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді.
Алтын адам — Алматы облысындағы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі (5 ғасыр). 1969 – 1970 жылы археолог Кемел Ақышев тапқан. Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «хайуанат нақышында» жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Есік обасынан алынған археологиялық мәліметтерге қарап, бұл адамның біздің заманымыздан бұрынғы 5 – 4 ғасырларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді.[3] Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді
²Алтын адамға² тереңірек үңілсек…
“Мәдени мұра” бағдарламасы шеңберінде Есік қорық-мұражайын ашуға байланысты былтыр күзде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, “Мәдени мұра” бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы келіп, Алтын адам табылған өңірде отырыс өткізіп, жер жағдайын өз көзімен көріп қайтқанын біліп, шынымды айтсам, аса қатты қуандым. Бұл мәселе, меніңше, әлдеқашан көтерілуі керек еді. “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев: “Тарихи ескерткіштерді жаңғырту жұмысы ерекше ыждаһаттылықты талап етеді. Бұл – құрылыс емес, ғылыми жұмыс… Ол жұмыстардың біткеннен кейінгі тағдыры қандай болмақ? Отырар сияқты ашық аспан астында ашық-шашық тастап кетеміз бе?”, – деп, қынжыла ескерткен болатын.
Президенттің бұл сөзінен, жасыратыны жоқ, бұған дейін жүргізілген археологиялық жұмыстарға көңілі толмайтыны айқын аңғарылады. Алайда Елбасының сол ескертпесін қатаң басшылыққа алған-алмағанымыз әлі белгісіз. Академик Досмұхамед Кішібеков: “1969 жылы Алматы облысының Есік қаласына жақын жерден бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген “Алтын адам” табылды. Бұл, әлем ғалымдарының пікірінше, Египеттегі Тутанхамоннан кейінгі екінші үлкен ғылыми жетістікке жататын жаңалық еді”, – дейді (“ЕҚ”. 31.10.07). Бірақ, өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін сол “екінші үлкен ғылыми жаңалыққа” лайық ұлттық шара жасай алған жоқ едік. Енді, міне, “Мәдени мұраның” шарапаты бұған да тиіп, ол шара екі жыл көлемінде жүзеге асатын болып жатса және газет: “Бұл істе әрбір ұсақ-түйекке дейін мән берілуі тиіс”, – деп, қамқор болып жатса, қалай қуанбассың!
Бірақ, соның жақсы бітуін де осы бастан жан-жақты ойластырған жөн. Ол үшін ең әуелі, меніңше, Президент айтқандай, мұның “құрылыс емес, ғылыми жұмыс” екенін есте ұстау қажет. Сондықтан, қорық-мұражайды салу жұмысымен қабат оның ғылыми-зерттеу жағын да тереңдетуге тиіспіз. Сонда ғана әлемдік мәні бар тарихи мұражайымызды өзгелерге лайықты дәрежеде танытып, өз деңгейінде дәріптей аламыз. Сол іске азды-көпті көмегі тие ме деген ниетпен бірер пікір айтпақпыз.
Президент “Мәдени мұраға” қатысты Отырарды мысалға келтірсе, мен Бесшатырды мысалға келтірмекпін. Алтын адам Іленің бір жағалауынан табылса, Бесшатыр келесі жағында жатыр. Қазір ғалымдар екеуін де сақ дәуірінің ескерткіші дейді. Бесшатырда ғалым К.Ақышевтың айтуынша, 26 шаршы километр жерді алып жатқан 31 оба бар. Соның он сегізін 1957-1961 жыл аралығында ғалым Кемал Ақышев қазып, зерттеген. “Бесшатыр қабірі өз заманында ағаштан салынған күрделі құрылыстардың бірінен саналған. Ол үш бөлімнен тұрады: дәліз, ауызғы бөлме, қабір”, – дей келіп ( “Ертедегі ескерткіштер елесі”. Алматы, 1976. 31-бет)., “Бесшатыр ескерткіші Іле аңғарын мекендеген сак-тиграхаудалар тобына жататын тайпалардың қасиетті герросы болғандығына (патшалары мен көсемдерін жерлейтін арнайы орын – Б.Н.) ешқандай дау жоқ”, – деп тұжырымдайды (Сонда, 38-бет). Алайда, ол обаларда зерттейтін қазір ешқандай кейіп те, зат та жоқ, тек ашық-шашық жатқан тастар мен топырақ қана қалған. К.Ақышев айтқан 6-обаның түбіндегі “жалпы жиынтығы 55 метр” жер асты жолын қазір ешкім көрсете де, түсіндіре де алмайды, өйткені ол арада обаның өңкиген сыртқы үйіндісінен өзге ештеңе де қалмаған. Ал студент кезінде сол Бесшатыр обаларын қазуға қатысқан, кейін Есік маңынан Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұханбетовтің диплом жұмысында сол 6-обаның ішкі жағын көрсететін фотосуреттер сақталған.
Ал енді өзі көрмеген, білмеген адам обаның ішкі құрылысын дәл осындай етіп қазір қалпына келтіре ала ма? Келтірген күнде де, көне бөренелерді қайдан табады? К.Ақышев бұл обаларды б.д.д.VІІ-V ғасырдан ертеректе салынған деп ұйғарады (Сонда, 43-бет). “Сақтардың тастан, топырақтан тұрғызылған кішігірім обаларының Іле аңғарындағы толып жатқан үйсіндердің обаларынан айырмашылығы жоқ”, – деп тұжырымдайды.
Осы тұжырым адамды терең ойға қалдырады. Біріншіден, бұл екі тайпаның обаларында неге айырмашылық болмайды? Оның себебі не? Екіншіден, сонда бұл обалардың қайсысы сақтікі, қайсысы үйсіндікі екенін қалай, қандай ғылыми жолмен ажыратамыз?
Біріншіден, Қытайдың “Тарихи жазбалары” мен “Ханнамада” сақтар аз айтылады да, күндер мен үйсіндер жайы біраз баяндалады. “Ханнаманың” соңғы аудармасында: “Үйсін елі ұлы күнбидің ордасы Чекүк ( бұған дейін “Шығу”, “Чигу” деп оқитын – Б.Н.) қаласында… Шығысы Ғұнмен, солтүстік батысы Қаңлы, батысы Дад-уан (бұған дейін “Даван”, “Дауан” деп оқитын, қазіргі Перғана – Б.Н.), оңтүстігі қала-мемлекеттермен іргелес. Бұл, тегінде, сақтардың ата қонысы еді, кейін ұлы нүкістер (бұрын “ұлы йуежы”, “ұлы йозы”, “ұлы йүзі” деп оқитын – Б.Н.) сақтарды талқандап, олардың ханын қуып жіберді. Сақтардың ханы оңтүстікке кетіп, Болор тауларынан әрі асып кеткен соң, бұл жерге ұлы нүкістер орын теуіп алды. Кейін кезек айналып, Үйсіннің күнбиі ұлы нүкістерді талқандады. Ұлы нүкістер батыстағы Бактрия еліне қарай жосып, Бактрия ханын бажағына айналдырды. Сонымен, Үйсін күнбиі ол жерлерді қайта басып қалды. Үйсіндердің арасында сақтар мен ұлы нүкістердің нәсілі болатындығының себебі, міне, осы”, – делініпті (“Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері”. “Ханнама. Батыс өңір” (2) тарауы. “Өнер” баспасы, 2006. 158-бет).
Осында тағы былай делінген: “Сақтар бытыраңқы қоныстанды да, бөлшектеніп, бірнеше мемлекет болып кетті” (сонда, 152, 153-бет).
Бұл оқиғалардың орын алып отырған уақыты – біздің дәуірімізге дейінгі заман. Демек, б.д.д. екінші ғасырдан бері бұл араны үйсіндер, ал оған дейін сақтар мен йүзілер, яғни нүкістер мекендеген.
Енді одан әрі тереңдеп көрелік. Қазақтың алты Арыстан тұратын халық екенін екінің бірі біледі десек, қателеспейміз. Тек, өкініштісі, сол Арыстың не қылған Арыс екенін екінің бірі біле бермейді. Білгісі келген кісіге ол соншалық қиын да емес. Себебі, кез келген шежіреші шалдан сұрасаң, Ақарыстан анау, Жанарыстан бәленше, Бекарыстан түгенше тарайды деп заулата жөнеледі. Ал оның дұрысы Ақ Арыс, Жан Арыс, Бек Арыс екеніне соны ата-бабасынан бері айтып келе жатқан шалдардың өзі де, оны естіген біз де мән бермей қайталап келеміз. Өйткені, қазақта ежелгі тарих та, деректі тарих та жоқ, бәрі аңыз деп, аузымызды қу шөппен сүртіп үйреніп кеткеміз. Және солай деп үйреткендер де молшылық. Ал енді Арыс жөнінде тарихи деректер не дейді?
Тарихи деректер Арыстың шын мәнінде тарихи тұлға екенін толық және еш күмән қалдырмай дәлелдейді. Тек “сақ” дегенді еуропалықтардың “скиф” дейтінін, ал кей ғалымның сақ пен скифті екі басқа тайпа деп санайтынын санада ұстаған жөн.
Түркі халықтарының түпкі тарихы жазылып қалған Қытайдан басқа тағы бір ел – Грекия. Олар негізінен сақ-скифтер туралы аса мол тарихи дерек қалдырған. Ондағы алдымен жүгінетініміз – “тарихтың атасы” деп әлем таныған Геродот. Ол былай дейді: “Скифтер де басқа халықтар тәрізді жатжерлік салт-дәстүрді қабылдамауға тырысады әрі олар өзге халықтардан гөрі эллиндер дәстүрінен барынша қашқақтайды. Бұл Анахарсис пен Скил тағдырынан анық байқалады. Анахарсис көптеген елді аралап, өзінің керемет ақылдылығымен көзге түсті. Қайтар жолда ол Геллеспонт арқылы жүзіп келе жатып, Кизикке тоқтайды. Нақ осы күні кизиктіктер Құдай-Ананың құрметіне салтанатты мереке өткізіп жатқан болатын. Анахарсис әйел құдайға, егер ол үйіне аман-есен жетсе, оның құрметіне кизиктіктерден көрген діни жоралардың бәрін жасап құрбандық беретіндігін және салтанатты мереке өткізетіндігін айтып ант береді. Скифияға келген соң Анахарсис құпия түрде Гилеяға барып (бұл жер Ахиллес ат ойнату алаңында орналасқан, әрқилы ағаш түрлеріне бай қалың орманды мекен), өзі Кизикте көрген діни жора салтанатын түгел жасайды… Мұны көріп қойған бір скиф дереу Савлий патшаға жеткізді. Осы жерге келіп, Анахарсистің не істеп жүргенін көзімен көрген патша оны садақпен атып өлтірді… Анахарсис скиф патшасы Иданфирстің немере ағасы, Гнурдың ұлы, Ликтің немересі, Спаргапифтің шөбересі болған. Егерде Анахарсис шынында осы патшаның әулетінен шыққан болса, оны туған ағасының өлтіргендігін бәрі біліп қойсын. Өйткені, Иданфирс Савлийдің ұлы, ал Анахарсисті Савлий өлтірген (“Қазақ тарихынан”. Геродот. Алматы, 2004. 108-бет).

0 голосов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *