Ұлы Отан соғысы

Ұлы Отан соғысы (1941—1945) — Кеңес Одағының нацистік Алманияға және оның еуропалық одақтастарына (Мажарстан, Италия, Румыния, Финландия, Словакия, Хорватия) қарсы жүргізген соғысы; Екінші Дүниежүзілік соғыстың ең маңызды және шешуші бөлігі.
Мазмұны
1 «Ұлы Отан соғысы» ұғымы
2 Соғыстың алғышарттары: Германия
3 Соғыстың алғышарттары: КСРО
3.1 КСРО-ның жалпы жағдайы
3.2 КСРО-ның 1939-1940 жылдардағы кеңеюі
3.3 Кеңес барлау мекемелерінің ескертулері
3.4 Кеңес Одағының соғысқа дайындық ретінде жасаған шаралары
3.5 Алдын алу соғысына дайындық туралы болжам
4 Шайқастары және операциялары
5 Шығындар
6 Сілтемелер
7 Тағы қараңыз
8 Сыртқы сілтемелер
8.1 Естеліктер

«Ұлы Отан соғысы» ұғымы

«Ұлы Отан соғысы» ұғымы 1941 жылғы шілденің 3-інде Сталиннің радио арқылы сөйлеген сөзінен кейін пайда болды. Сталин өз сөзінде «ұлы» және «отан» деген сөздерді бөлек-бөлек, бір-бірімен байланыстырмай қолданды. «Ұлы Отан соғысы» сөз тіркесі көптеген басқа тілдерде де қолданылады (орыс. Вели́кая Оте́чественная война́, ағылш. Great Patriotic War, нем. Großer Vaterländischer Krieg), кейбір авторлар «Екінші Дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы» деген сөз тіркесін қолданады (бұл Германия қолданған «шығыс майдан» деген ұғымға жақын).
Соғыстың алғышарттары: Германия

1929 жылы басталған бүкілдүниежүзілік экономикалық дағдарыстың салдарынан 1933 жылы Германияда билік басына NSDAP («Ұлтшыл-социалистік неміс жұмысшы партиясы») келді. Германияда Бірінші Дүниежүзілік соғыста жіберіп алған есесін қайтаруға дайындыққа кірісіп кетті.

Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен елдер (АҚШ, Ұлыбритания, Франция) жүргізген араласпау саясатының арқасында Германия өзіне Версаль келісімінде қойылған талаптарды орындауды мүлдем тоқтатты. Оның үстіне АҚШ-тың компаниялары Германияның қарулануына қолайлы жағдай жасаған қаржы және материалдарды жіберіп отырды. 1926-33 жылдары Кеңес Одағын Липецк және Қазан қалаларындағы полигондарда герман қарулы күштерінің офицерлерін дайындауға атсалысты.

1936 жылы Германия Версаль келісімінің бір бабын бұзып, Рейн аймағына әскерлерін кіргізді. Сол жылы ол Испаниядағы азамат соғысына араласып, бүлік шығарған Франконың әскерлеріне әскери қолдау көрсете бастады.

1933 жылы билік басына ұлтшыл-социалистер келгеннен кейін Германияда антикоммунистік және антикеңестік көзқарастар күшейе бастады. 30-шы жылдардың ортасынан бастап герман үкіметі міндетті түрде жақын арада КСРО-мен соғыс болатыны туралы жариялай бастады. Германияның әскери доктринасы Кеңестер Одағын ықтимал қарсылас ретінде қарастыра бастады. 1938 жылы герман армиясында ЖШҚӘ-нің («Жұмысшы және шаруалардың Қызыл Әскері») әскери техникасы, әскери қызметкерлерініңайырым белгілері және тактикасы зерттеле бастады.

1938 жылдың наурыз айында Австрияда референдум өткізіліп, Германия оны өзіне қосып алды (қараңыз: Аншлюс). 1938 жылы Германия, Италия, Англия мен Франция арасында жасалған Мюнхен келісімі бойынша Германияға Чехословакияның Судет аймағында тұратын немістерді қорғау мақсатымен сол аймақты өзіне қосып алуға рұқсат берді. Кейін Германия Чехословакияның қалған бөлігін де оккупациялады (Польшаның қатысуымен).

1939 жылдың қысында Германия Польшаға «Данциг мәселесін» шешуді ұсынды. Польша бас тартты. Һитлер осы мәселені Польшаға қарсы соғысу үшін қолданды.

1939 жылғы тамыз айында Германия мен Кеңестер Одағының арасында шабуыл жасаспау туралы келісім жасалды. Келісімнің құпия қосымшасы бойынша Германия мен КСРО Еуропаны өзара ықпалдар аймағына бөлісіп алды.

1939 жылғы қыркүйектің 1-інде Германия Польшаға қарсы соғыс бастады. Бұдан кейін Ұлыбритания мен Франция Германияға соғыс жариялап Польшаға қолдау көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Герман әскерлері 2 аптаның ішінде поляк қарулы күштерін талқандап, поляктар қоныстанған шығыс шекарасы Керзон сызығына дейін жетті.

1940 жылы Германия Дания мен Норвегияны (Дания-Норвегия операциясы), сосын Бельгия, Недерланд, Люксембургті және Францияның жартысын жаулап алды. Франция тізе бүгуге мәжбүр болды (Франция жорығы).

Францияның тізе бүгуінен кейін Ұлыбритания Германияның жалғыз қарсыласы болып қалды. Германия оған бітім жасасуға ұсынды, бірақ Ұлыбритания бұл ұсынысты қабылдамай тастады. 1940 жылғы шілденің 16-сында Һитлер Ұлыбританияның жеріне басып кіруді ұйымдастыру туралы директиваға қол қойды («Теңіз арыстаны операциясы»). Бірақ герман Әскери теңіз күштерінің басшылығы британиялық теңіз күштерінің қуатының зор екендігіне және вермахтта десанттық операциялар тәжірибесінің жоқтығын тілге тиек етіп, Әскери әуе күштерінің әуеде басымдылыққа ие болуын талап етеді. Ұлыбританияның әскери-экономикалық әлеуетін әлсірету үшін, халқының сағын сындыру үшін, басып кіруге дайындық үшін және британиялықтардың қарсыласуға деген еркін жою үшін 1940 жылдың тамызынан бастап немістер британиялық қалаларды әуеден бомбылау науқанын бастайды (Британия шайқасы).

Ағылшындар бомбылаудың нәтижесінде бейбіт тұрғындардың арасында көп адам шығынын бастан кешіруге мәжбүр болса да, олар неміс әскери әуе күштерін көп шығынға ұшыратып, «Британия шайқасынан» жеңімпаз болып шықты. 1940 жылдың желтоқсан айынан бастап ауа райының күрт нашарлауынан герман ӘӘК (Лүфтваффенің) шабуылдарының қарқыны қатты бәсеңсіді. Немістер өздерінің басты мақсаттары — Ұлыбританияны бітімге келуге мәжбүр етуге қол жеткізе алмады.

1940 жылғы шілденің 31-нде жоғарғы әскери басшылықпен өткізген кеңесінде Һитлер Ресейді 1941 жылдың көктемінде талқандау керек, себебі егер Ресей талқандалса, онда Ұлыбританияның соңғы үміті өшеді, сөйтіп ол да тізе бүгуге мәжбүр болады деп жариялады[1]. 1940 жылдың шілде-желтоқсан айларында КСРО-мен соғыстың бірнеше жоспары қарастырыла бастады, соның ішінде ОКҺ-ның (әскердің бас штабы), генерал Э. Маркстың, Зоденштерннің жоспарлары және тағы басқа жоспарлар қарастырыла бастады. Көп талқылаудың, әскери-штабтық ойындардың және Һитлердің өз кеңсесінде, құрлық әскерінің штабында және басқа да штабтарда өткізілген талқыласулардың нәтижесінде 1940 жылғы желтоқсанның 5-інде генерал-полковник Ф. Гальдер ұсынған жоспардың («Отто жоспары») түбегейлі жобасы мақұлданды.

0 голосов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *