Үйсін бірлестігі

Үйсін бірлестігі үйсін ордасы (б.з.б. 2 ғасыр — б.з. 5 гасыр) — Қазақстан жеріндегі алғашқы тайпалық бірлестіктердің бірі. Жетісу аймағында орналасты. Шекарасы батысында Шу, Талас өзендеріне, шығысында Тянь Шанның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көлінен Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейін созылған. Үйсін бірлестігі жайыңдағы алғашқы мәліметтер б.з.б. 1 ғасырдағы қытай жылнамаларында кездеседі (Үйсін). 630 мың халқы болған. 189 мың адамдай жасақ құрған. Бірлестіктің бекіністі астанасы — Шығу қ. Батыс пен Шығыс елдері аралығындағы «Ұлы Жібек жолы» торабына орналасқан. Мұның өзі бірлестіктің көрші елдермен (кытаймен, ғүн, қаңлы, алан, ұйғыр, қырғыз тайпаларымен) саяси, экономиялық және мәдени байланысты дамытуына мүмкіндік жасады.

Үйсін бірлестігінің халқы жартылай көшпелі ел болған. Мал бағып, жер өңдеуді кәсіп еткен. Археологиялық қазбалардан табылған материалдарға қарағанда, сол кездің өзінде-ақ жер өндейтін тас тырма, тастан қашап жасалған қол диірменнің табылуы — сол замандағы тұрғындардың егіншілікпен айналысып, оның өнімдерін өндей білгендігінің бір дәлелі. Іле, Шу, Талас алабынан суландыру жүйесінің іздері табылды. Ежелгі үйсіндер б.з.б. 1 ғасырда, әсіресе б.з. 3-5 ғасырда егіншілікпен, бау-бақша, жеміс-жидек өсірумен шұғылданып, отырықшылыққа үйрене бастаған. Шу, Іле бойындағы елді мекендердің орнынан күйдірілмеген кірпіштен қаланың, таға тәрізді жасалған жер ошақтар, тік бұрышты тұрғын үйлер табылды.

Үйсін бірлестігінде малға жеке меншік болды. Ру-тайпаларының жайылымдары иелікке бөлініп, байлық тайпа көсемдерінің қолы на жинақталды; тайпааралық қарым-қатынас өсті. Жеке меншіктің болғанын кыш ыдыстарға, сүйектен, металдан жасалған әр түрлі заттарға түсірілген таңбалардан байқаймыз. Қазылған обалардың аумағы әр түрлі. Кейбіреулерінің биіктігі 10-12 м, аумағы 40 м-ге дейін жетеді. Адам сүйегімен бірге көмілген заттардың санына, сапасына қарағанда, үлкен қорғандарға тайпа көсемдері, ақсүйектер, одан кішісіне қауымның қарапайым мүшелері жерленген. Билік мұрагерлік жолмен әкеден балаға ауысып отырған. Оған «бек» аталған ру, тайпа көсемдері бағынған. Үйсін бірлестігінде басқарудың ондық жүйесі қолданылды. Билеуші өзіне қарайтын жұртын балаларына бөліп, әрқайсысына он мыңнаң жасақ, көші-кон жерін еншілеген. Үйсін бірлестігінде мемлекетке тән белгілер болды. Бектер өздерінің жайылымдық жерлерін өзгелерден қарулы күшпен қорғағаны жайында деректер бар. Мұның өзі әлеуметтік топтардың қалыптаса бастағанын аңғартады. Үйсін ескерткіштерін зерттеу барысында бұл мәдениеттің үш кезеңнен өткені анықталды: алғашқы кезең — б.з.б. 3-1 ғасырлар; орта кезең — б.з. 1-2 ғасырлар; соңғы кезең — б.з. 3-5 ғасырлар. Бұл кезеңдердегі бейіттердің қазылуында, жобалануында, қару-жарақ, сәндік бұйымдар мен тұрмыстық заттардың түрінде, жасалуында ерекшеліктер бар. Мал, егін шарушылығымен қатар қолөнер, үй кәсіпшілігі өркендеді. Әсіресе қыштан ыдыс-аяқ, құмыра жасау ісі өріс алды. Өндеу кәсібі дамыды. Темір мен қоладан еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік бұйымдар, алтын мен күмістен алқа, сырға, түрлі әшекейлі заттар жасалды. Тоқыма кәсібі, тері илеу, тас қашау, сүйек өңдеу өнері дамыды.

0 голосов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *