Қазақстандағы дүнгендер: саны мен құрамының динамикасы (1897-2007 жж.)

Қазақстандағы дүнгендер: саны мен құрамының динамикасы (1897-2007 жж.)

Тәуелсіздіктің екінші онжылдығының белортасынан асқан кездегі демократиялық қайта құрулар кезеңінде біздің қоғам одан ары даму жолы мен демократия үлгісін таңдау алдында тұр. Егер бұл мәселе дұрыс шешілмесе, онда тоталитаризм мен демократия арасын таңдау мәселесі қайтадан өзекті мәнге ие болуы мүмкін. Мұндай мәселені шешу этнос, ұлт, ұлттық мемлекет деген сияқты категорияларды түбегейлі түрде анықтауға әкеліп тірейді. Қазақстан – өзінің полиэтникалық құрамы арқылы ерекшеленетін мемлекет. Сондықтан, негізгі міндеттердің бірі әлеуметтік топтардың ғана емес, сонымен бірге әртүрлі әлеуметтік қоғамдастықтардың қарым-қатынасын реттеу болып табылады.
Келісім – кез-келген қоғамның, әсіресе полиэтникалық қоғамның әрекет етуінің шарты. Қоғамда жекелеген этностың мүддесін жоғары бағалайтын ұлттық-этникалық идеялық-саяси бағыт та бар. Осындай жағдайда ұлтаралық келісімге келу тұрақтылыққа әкеледі. Яғни, тұрақтылық мәселесі ұлтаралық қарым-қатынас пен этностардың үйлесімді дамуына да байланысты. Қазақстанның ұлттық бірлігі мен татулығына шақырған бағыт Н.А.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында көрсетілген. Біз негізгі ұйытқысы жалпы ұлттық идея болып табылатын мемлекеттік идеологияны жақтаймыз. Мемлекеттік идеология ретінде қоғам да, билік те келісетін идеялар мен принциптердің жүйесін түсінеміз. Бұл идеология қоғамдағы келісім мен оның тұрақтылығын күшейтудің, азаматтық үйлесім пен этникааралық ынтымақтастықтың шарты ретінде қоғамдық келісімнің бір бөлігін құрайды. Мұндай мәселені шешуде этнос, ұлттардың қалыптасуы мен сандық және сапалық өзгерістері тарихын анықтап алған жөн.
Қазақстан Республикасын қазір 130-дан аса этностардың мекендеп жатқаны белгілі. Қазақстанның демографиялық ерекшелігі оның көп ұлтты құрамына байланысты. Республика халқының полиэтникалық құрамының қалыптасуына әсер еткен көші-қон процесінің бастапқы кезеңі орыс-украин шаруаларының қоныс аударуы мен казактардың қазақ жерлеріне қоныстануына байланысты.
ХҮІ ғасырдағы қазақ жеріне казактар мен «қашқын» шаруалардың қоныс аударуларынан басталған сырттан келген көші-қоншылардың легі ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырда тіпті күшейді. Қазақстанға қоныс аударып келген халықтардың ішінде дүнгендер де бар. Дүнгендер Қазақстан және Қырғызстан жерін ХІХ ғ. 80-жылдарынан бері мекендейді. Жетісуға осында тұратын дүнгендердің қоныс аударуы ХІХ ғ. 80-90 жылдарында жүрді. Дүнгендердің этногенезі өте күрделі. Ғалымдар әлі күнге дейін олардың шығу тегі туралы бір пікірге келген жоқ. Қазан революциясына дейінгі орыс ғалымдарының көпшілігі, шығыстанушылар, сол сияқты қытай ғалымдары қазіргі дүнгендерді Қытайға келген араб-парсы және түрік келімсектері мен қытайлықтардың және басқа да моңғол тектес халықтардың араласуынан қалыптасқан деп есептейді.
Қазақстан ұлттық энциклопедиясында: «дүнгендер – (қытайша атауы – лаохуэй, хуэнминь, хуэйцзу – қытай тілінен аударғанда – “мұсылмандар” деген ұғымды білдіреді) – негізінен, Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялы ауданын қоныстанған халық. Түркі халықтары оларды дүнген, дұнған деп атайды. Дүнгендер Қазақстанда (36,9 мың адам, 1999) мен Қырғызстанда (Шу өзенінің аңғары), Өзбекстанда (70 мың адам) да тұрады. Қытайдағы саны 8 млн (1999). Дүнгендердің діні — мұсылман. Тілдері қытай тіліне жақын», – деп берілген.
Дүнген атауының шығуы ол халықтың өзінің пайда болуымен байланыстырылады. Мұндай пікірді дүнген діни адамдары Шэньси мен Ганьсу провинцияларынан Шыңжанға келген кезі мен ХІХ ғ. ортасындағы Солтүстік-Батыс Қытайдағы көтеріліс кезінде таратқан. Кейінірек осы атауды Қазақстан мен Қырғызтан Ресейдің құрамына қосылғаннан кейін Ресей Шыңжаң провинциясымен (Шығыс Түркістан) шекаралас болғандықтан орыстар да қолдана бастады.
Ганьсу және Шэньсу дүнгендерінің біраз болігінің Жетісуға қоныс аударуы 1864-1878 жылдары Батыс Қытайда болған дүнген көтерілісіне байланысты болды.
1864 жылы Іле өлкесінің ұйғырлары мен дүнгендері қолдарына қару алып, феодалдық және ұлттық езгіге қарсы көтерілді. 1864 жылы Цин әскерлері Шэньси дүнгендерін талқандады. Көтерілісшілердің біраз бөлігі Ганьсуге ауды, бұл кезде ол жердегі халық та Қытай феодалдарына қарсы күреске шыққан еді. 1871 жылы Цин үкіметінің әскерлері Ганьсуге кірді. Жақсы қаруланған, жақсы үйретілген әскерлердің тегеурініне шыдай алмай, дүнгендер жеңіліс тауып, Шыңжанға және Монғолияға қарай шегінді.
Ұйғырлар мен дүнгендердін көтерілісі Шынжаңда үш хандықтың құрылуымен аяқталды, олар: Іле округіндегі Іле сұлтандығы, орталығы Үрімшіде болған Дүнген хандығы және Қашқариядағы Ұйғыр әмірлігі.
1871 ж. Шығыс Түркістанда ағылшындар көмегіне сүйенген Қашқар билеушісі Жақып бек билігі орнайды. Өзінің шығыс шекараларына жақын жерде мұсылман мемлекеттері құрылып, олар Ұлыбританияға тәуелділікке немесе Ресейге өшпенді Түркияның ықпалына түсуі мүмкін деп қауіптенген патшалық Ресей бұл өлкеге басып кірді.
Іле өлкесін Ресей басып алған кезде дүнгендер негізінде Үрімші және Манас округтеріне жиналған еді. 1876 жылы Цин әскерлері Үрімші округіне және Кашғарияға басып кірді. Цин әскерлері Үш-Түрфанға жақындаған кезде (1877 жылдың қазанында) Мапонзи бастаған Ганьсу дүнгендерінің біраз бөлігі де (1166 адам) Бедел асуы арқылы өтетін ең қысқа жолмен Ресейге қарай көшіп, Ыстықкөлден келіп шықты. Бұдан кейінірек, 1877 жылғы желтоқсанның басында, Қашқариядан шыққан мыңдаған дүнген және ұйғыр отбасылары Ресейге қосылған территорияға екі жолмен көшті: Шыңжан және Ганьсу дүнгендерінен құралған бір кіші тобы Терек-Даван асуымен Ферғана алқабына өтіп, Ош қаласынан шықса; Быйяньху бастаған тек Шэньси дүнгендерінен құралған екінші топ Шақмақ сайы арқылы Нарын бекінісінің тұсынан шықты. Бірінші көш бір қыдыру аман-есен өтті, ал екінші көштің неше жүздеген адамдары асудан өткен кезде суықтан, аштан өлді. 1877 жылдың 27-28 желтоқсанында екінші көш Нарын бекінісіне жетіп, одан Тоқмаққа көшті; Жетісуға небәрі 3 314 адам жетті.
Жалпы 1877 жылдың аяғында және 1878 жылдың басында Түркістан өлкесіне келген дүнгендердің саны 6209 адам болды. Дүнген көтерілісшілерінің Россия жеріне өтуінің бірінші кезеңінде дүнгендер мен Цин жазалаушы топтарының арасында қантөгіс қақтығыстар болды..

0 голосов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *